Әр ұстаздың мақсаты алдында отырған шәкірттеріне сапалы білім беру екені анық. Алайда құр жаттанды білім емес, шәкірттің таным көкжиегін кеңейтетін білім есте ұзақ сақталатыны ақиқат. Қазақ тілі мен әдебиетінің ұстазы әдебиетті жалаң айтып қана қоймай, оқушыларды кітапханамен таныстырса, сонымен қатар әдебиеттің сахналануын көрсететін фильмдер мен театрларға жиі ертіп барса, қазіргі жас өреннің ана тіліне деген қызығушылығы еселеп артатыны сөзсіз. Бұл үшін мемлекет тарапынан, мектеп тарапынан қолдаудың қажет екені белгілі. Алайда апта сайын кино мен театрға бара алмаса да, шәкірттерді кітапханаға апарып, рухани қазынасын молайтудың мүмкіндігі әркімде де бар. Қарағанды облысы білім басқармасының « № 24 мектеп-интернаты» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Болат Жәнібек пен Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана бүгін осындай игі іске мұрындық болып отыр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, білімге ұмтылған жас өрендерді, 7 «а» сынып оқушыларын кітапханаға әкеліп, балалар жазушылары жайлы мағлұмат беріп, балалар әдебиетін насихаттауға үлкен үлес қосты. Шәкірт санасында естігеннен гөрі көргені ұмытылмай, ұзақ сақталатыны ақиқат. Осы кездесу де балаларға ұмытылмас әсер қалдырды. Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханаға келген жас өрендер Жанболат Башардың «Біздің ауылдың ақ бұлттары» атты кітабын талқылады. Кездесуде қызғылықты мәліметтер айтылып, балалардың рухани қазынасы толықты. Кездесу жоғары деңгейде өтті.
KZ
